Қазақстанда жыл сайын 200 мыңнан астам адам қан және оның компоненттерін тапсырып, бүкіл ел бойынша өмірлерді сақтап қалуға көмектеседі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
14 маусымда атап өтілетін Дүниежүзілік донор күні қарсаңында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі донорлықтың маңыздылығын атап өтті. Ең көп донорлар Астана, Алматы және Шымкент қалаларында тіркелген. Бұл ірі қалаларда халық санының көптігіне және медициналық көмек көлемінің үлкендігіне байланысты донорлық қанға деген қажеттіліктің жоғары болуымен түсіндіріледі.
2025 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 255 255 донация (қан және оның компоненттерін тапсыру) жүргізілген. Осының арқасында 80 мыңнан астам пациентке көмек көрсетілген. Донорлық қан күн сайын операцияларды жүргізу, онкологиялық ауруларды емдеу, жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккендерге көмек көрсету, ауыр жарақат алған науқастар мен жаңа туған нәрестелерді емдеу үшін қолданылады.
Қан доноры болу шарттары
Қазақстанда кез келген сау адам қан доноры бола алады. Негізгі талаптар: - Жасы 18-ден 60 жасқа дейін (кейбір дереккөздерде 65 жасқа дейін) - Салмағы кемінде 50-60 кг (нақты мәліметті қан орталығынан сұраған жөн) - Медициналық қарсы көрсетілімдердің болмауы
Кейбір қан орталықтары ең төменгі салмақты 50 кг деп көрсетсе, басқалары 60 кг деп белгілейді. Сондықтан таңдалған қан орталығында алдын ала нақтылап алған дұрыс.
Донорларға берілетін жеңілдіктер
Республикалық қан орталығының сайтында жазылғандай, донорлардың өз артықшылықтары бар: - Тегін медициналық тексеруден өтіп, денсаулық жағдайы туралы анықтама алуға болады (ВИЧ, В және С гепатиті, мерез, аланинаминотрансфераза мен гемоглобин деңгейіне талдау, қан тобы мен резус-фактор) - Қан тапсырған күні жұмыс беруші қызметкерді орташа жалақысын сақтай отырып, жұмыстан босатуға немесе қосымша демалыс күнін беруге міндетті - Процедурадан кейін донорға тегін тамақ немесе 0,25 АЕК (мың теңгеден сәл астам) мөлшерінде сыйақы ұсынылады
Қан тапсыруға дайындық
Процедура алдында мыналардан бас тарту ұсынылады: - Майлы, қуырылған, ащы тағамдар - Алкоголь - Темекі шегу
Өзіңізбен бірге жеке басыңызды куәландыратын құжат болуы міндетті. Процедурадан кейін демалу және шай ішу ұсынылады.
Қан орталықтары
Ірі қалаларда және көптеген өңірлерде қан орталықтары жұмыс істейді. Өз өңіріңіздегі қан орталығының мекенжайы мен байланыс деректерін Астана қаласының «Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының» ресми сайтынан білуге болады. Олардың бетінде әр өңір бойынша қан орталықтарының кестесі бар.
Бұған дейін Kursiv Health Қазақстанда ScanQAN QR-сәйкестендіру жүйесін енгізу туралы хабарлаған болатын.
