Қазақстанда жыл сайын дамуында туа біткен ақаулары бар шамамен 1,5 мың нәрестеге хирургиялық операция жасалады. Бұл туралы Алматыда өткен "Баланың денсаулығы мен дамуы" атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда айтылды, деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Конференцияға тоғыз елдің ғалымдары, педиатрлары, балалар хирургтері және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) бейінді сарапшылары қатысты. Жиында балалар ауруларын ерте анықтау, педиатриялық қызметті жаңғырту және медицина мамандарын үздіксіз оқыту мәселелері талқыланды.
Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова елімізде жоғары технологиялық медициналық көмекті дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
"Біздің алдымызға қойған нақты мақсатымыз – жоғары технологиялық медициналық көмектің кез келген түрін еліміздің ішінде қолжетімді ету. Бүгінде клиникаларымызда "Гамма-пышақ" және протондық терапия әдістері қолданылып келеді. Сондай-ақ гибридті операциялық кешен іске қосылды. Оның көмегімен ми ісіктері мен қан тамырлары патологиялары кезінде күрделі хирургиялық араласулар бір операция аясында жүргізіледі", – деді ол.
Оның айтуынша, неонаталдық хирургия саласында да нәтижелер бар. Қазіргі уақытта дамуында туа біткен ақаулары бар нәрестелерге мамандандырылған медициналық көмек еліміздің барлық дерлік өңірінде қолжетімді.
Сонымен қатар Қазақстанда жыл сайын 2 мыңнан астам бала кардиохирургиялық көмек алады. 500 балаға есту импланттары орнатылады, ал шала туған 700-ге жуық сәбиге көздің торлы қабығының ретинопатиясын емдеу шаралары жүргізіледі.
Медициналық инфрақұрылымды дамыту нәтижесінде соңғы үш жылда балаларды туыстық байланысы жоқ донорлардан дің жасушаларын трансплантаттау үшін шетелге жіберу көрсеткіші үш есе азайған. Ал кардиохирургиялық операция жасау үшін шетелге жіберілетін балалар саны 5,2 есе қысқарған.
Алдағы уақытта Қазақстанда радиойодтерапияны енгізу және қан тамырлары мальформацияларын емдеудің заманауи хаттамаларын іске қосу жоспарланып отыр.
"2027 жылдан бастап шетелде емделуге жіберілетін пациенттер санын кезең-кезеңімен тағы 50%-ға қысқарту жоспарлануда. Бұл үшін клиникаларды заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуді жалғастыру, инновациялық технологияларды енгізу және кез келген күрделіліктегі операцияларды жасай алатын отандық мамандарды тұрақты даярлау қажет", – деп түйіндеді Мағрипа Ембергенова.
