2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жұмыстан айырылу бойынша әлеуметтік төлемді алудың ең ұзақ мерзімі алты айдан үш айға қысқарады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыстан қалған азаматтар қандай қолдау ала алатынын түсіндірді.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушыларына тиісті құқық болған жағдайда беріледі. Ол жұмыс іздеу кезеңінде жоғалған табысты ішінара өтейді.
2027 жылдан бастап төлемдердің ұзақтығы жүйеге қатысу өтіліне байланысты болады, бірақ үш айдан аспайды.
Сондай-ақ төлемнің шекті мөлшері белгіленеді — жеті еселенген ең төменгі жалақының 45%-нан аспайды. Жеке сома әлеуметтік аударымдар төленген табыс пен жүйеге қатысу өтілін ескере отырып есептеледі.
Көмек алу үшін алдымен жұмыс іздеуші ретінде тіркелу қажет. Бұны тұрғылықты жері бойынша мансап орталығында, eGov.kz арқылы немесе Enbek.kz электрондық еңбек биржасы арқылы жасауға болады.
Тіркелу кезінде білімі, кәсіби дағдылары, жұмыс тәжірибесі және жұмысқа орналасуға қатысты тілектерін көрсету қажет. Мансап орталығының мамандары осы мәліметтерді ескере отырып, бос орындарды таңдайды. Егер лайықты жұмыс табылмаса, белгіленген талаптар сақталған жағдайда азамат жұмыссыз ретінде тіркеледі.
Бос орындарды таңдаудан басқа, азаматтарға жаңа кәсіпке оқыту, біліктілікті арттыру, жастар практикасы және субсидияланатын жұмыспен қамтудың басқа түрлері ұсынылуы мүмкін.
Сондай-ақ кәсіпкерлік бастаманы қолдау және жұмысқа орналасу үшін ерікті түрде қоныс аудару шаралары қарастырылған. Қатысу шарттары нақты бағдарламаға байланысты.
Еңбек министрлігінде көмек жұмысқа орналасқаннан кейін де жалғасатынын атап өтеді: мансап орталығы азаматтың жұмыспен қамтылуын қадағалайды. Мұндай қолдаудың мақсаты — адамға тұрақты жұмысқа оралуға көмектесу.
