Қазақстанда 20 маусымнан бастап жоғары оқу орындарына құжат қабылдау басталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, ҰБТ тапсырып, мемлекеттік білім гранттары конкурсына қатысуды жоспарламайтын талапкерлер 20 маусымнан бастап таңдаған ЖОО-ға ақылы негізде оқуға құжат тапсыра алады.

Мемлекеттік білім грантына үміткерлер үшін гранттар конкурсына қатысуға өтініштер 13-20 шілде аралығында қабылданады. Осы кезеңде талапкерлер оқуға түскісі келетін білім беру бағдарламалары мен ЖОО-ларды таңдай алады.

Грант конкурсына өтініштер талапкер таңдаған ЖОО-ға қарамастан кез келген ЖОО-ның қабылдау комиссиясы арқылы қабылданады. Сондай-ақ өтініштерді виртуалды қабылдау комиссиялары және eGov порталы арқылы онлайн тапсыруға болады.

Минималды шекті балдар өзгеріссіз қалды: - Ұлттық ЖОО-ларға – 65 балл - Басқа ЖОО-ларға – 50 балл - «Педагогикалық ғылымдар» бойынша – 75 балл - «Денсаулық сақтау» бойынша – 70 балл - «Құқық» бойынша – 75 балл

Сонымен қатар «Қазақстан тарихы» және екі бейіндік пәннен (немесе шығармашылық емтихан) кемінде 5 балл, «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылықтан» кемінде 3 балл жинау қажет.

ЖОО-лар білім беру бағдарламалары топтары бойынша өз шекті балдарын белгілей алады. Мемлекеттік білім гранттарының иегерлері тізімі 10 тамызға дейін жарияланады.

Талапкерлер шығармашылық және арнайы емтихандар тәртібі, білім беру бағдарламалары ерекшеліктері, оқу шарттары, жатақханамен қамтамасыз ету және басқа мәселелер бойынша ЖОО-ның қабылдау комиссияларына жүгіне алады. Құжат қабылдау 25 тамызға дейін жалғасады.