Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жаңа Конституцияның қорытынды жобасы ұсынылды. Мемлекет басшысы жақын арада Ата Заңды қабылдау бойынша республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қоятынын мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqyia ақпарат агенттігі.

Конституциялық комиссияның жұмысы туралы Мемлекет басшысына комиссия төрағасы Эльвира Әзімова, оның орынбасары Ерлан Қарин және комиссия мүшесі Ержан Жиенбаев баяндады.

Эльвира Әзімованың айтуынша, комиссия он екі отырыс өткізіп, нәтижесінде Ата Заңның қорытынды жобасын әзірлеген. Бұл құжатты дайындауға өткен жылдың қазан айынан бері eGov және e-Otinish порталдары арқылы келіп түскен азаматтар мен сарапшылардың ұсыныстары негіз болды. Сонымен қатар, Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының ұстанымдары да ескерілген.

Осы талқылаулардың қорытындысы бойынша Конституциялық комиссия жаңа Ата Заң жобасын жалпыхалықтық референдумға шығаруды ұсынды.

Президент комиссияның ауқымды жұмысын жоғары бағалады. Ол жаңа Конституция еліміздің институционалдық негізін толықтай өзгертіп, мүлде жаңа конституциялық үлгіге көшуге жол ашатынын атап өтті.

««Жаңа Ата Заң жобасы қоғамдағы өзекті құндылықтар мен мемлекеттік саясат қағидаттарын айқындап қана қоймай, Қазақстанның одан әрі прогрессивті дамуына негіз қалайды», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.»

Мемлекет басшысы жобаны әзірлеуге мыңдаған азаматтың белсене қатысқанын ерекше атап өтіп, бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай келетінін және жаңа Конституцияның шынайы халықтық сипатын көрсететінін жеткізді.

Фото: Әлеуметтік желіден