Келесі жылдан бастап Қазақстанда зейнетақы жүйесі өзгереді. Сарапшылар зейнетақы реформасына қатысты негізгі үш ұсынысты қарастырып жатыр. Соның ішінен біреуін таңдап, заңнамамен бекіту жоспарланған. Ал жаңа жылдан қазақстандықтардың зейнетақысы жаңа әдіспен есептелуі әбден мүмкін. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Сақтандыру қорының ұсынысы
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру әлеуметтік зейнетақы төлемін енгізуді ұсынып отыр. Ал оны есептегенде екі көрсеткіш басшылыққа алынады. Олар: адамның медианды жалақыға шаққандағы орташа бір айлық табысы; зейнетақы жүйесіне қатысу мерзімі, яғни, еңбек өтілі. Осылайша, адамның болашақ зейнетақысы жеке есепошотында жиналған ақшамен шектелмейді. Ал зейнетақы әрбір адамның еңбек өтілі мен орташа табысына қарай төленеді. Демек, еңбек өтілі мен бұрынғы жалақы неғұрлым көп болса, әлеуметтік зейнетақы төлемі де соғұрлым жоғары болады.
БЗЖҚ-ның бастамасы
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры да жұмыс тобына өз ұсынысын енгізген. Оған сәйкес, жұмыс берушілердің қазіргі міндетті зейнетақы жарналарын "4+1" формуласымен жинау қажет. Атап айтқанда, жарналардың 4 процентін жұмысшылардың жеке есепшотына, ал тағы 1 процентті шартты есепшотта жинау ұсынылып отыр. Қазіргі кезде ол ақшаның барлығы бөлек шотта жиналады. БЗЖҚ-ның бастамасы іске асқан жағдайда жұмысшылардың жалақысынан ұсталатын 10 проценттік зейнетақы жарнасына қоса жұмыс берушінің 4 проценттік міндетті жарнасы жеке есепшотқа аударылады. Осылайша, ай сайын 10 процент емес, 14 процент түсіп тұрады. Ал жұмыс берушілердің ақшасынан төленетін тағы 1 процент жалпы сақтандыру есепшотында жинала береді. Қазіргі есепке сәйкес, жеке есепшотта жиналған ақша 80 жасқа дейін таусылуы мүмкін. Содан бастап 1 проценттік жарналар жиналған қаражаттан өмір бойы зейнетақы алуға мүмкіндік болады. Айта кетері, бүгінде жұмыс берушінің жұмысшылар үшін өз ақшасынан төлейтін міндетті зейнетақы жарналарының көлемі жалақының 3,5 процентін құрайды. Ал келесі жылы бұл көрсеткіш 4,5 процентке дейін көтеріледі.
Сингапур моделі
Зейнетақы реформасын қарайтын жұмыс тобы Сингапур моделін де талқылап жатыр. Ол жақта зейнетақы жарналары үш түрлі есепшотқа аударылады. Олар: жай шот (Ordinary): тұрғын үй сатып алу, сақтандыру мен білімге арналған ақша; арнайы есепшот (Special): зейнет жасқа дейін жұмсалмайтын және инвестиция ретінде пайдалануға болатын қор; медициналық шот (MediSave): аурухана мен сақтандыру шығындарына арналған қаражат. Сарапшылар Сингапур моделін енгізу қиындау болады деп отыр. Себебі ол жақта зейнетақы жарналарының көлемі 37 процентке дейін жетеді. Соның ішінде 20 процентін жұмысшылардың өздері төлесе, қалғанын жұмыс беруші аударып отырады. Ондай ақшамен үш шоттағы ақша тез жиналады. Ал Қазақстанда 13,5 процентпен (жұмысшының 10 проценті және жұмыс беруші төлейтін 3,5 процент) бөлек-бөлек ақша жинау қиын.
Сенатордың ұсынысынан бас тартты
Бұған дейін жұмыс тобы экс-сенатор Амангелді Нұғмановтың ұсынысын да қарастырған. Бүгінде қорғаныс, ішкі істер мен арнаулы органдар саласында белгілі бір жаста қызметкердің еңбек өтілі жиналғанда зейнетке шығуға рұқсат бар. Нұғманов тура сондай жүйені жаппай енгізуді ұсынған болатын.
