Денсаулық сақтау министрлігі биылғы жылдың мамыр айында басталған 14-17 жас аралығындағы қыздарды ерікті вакцинациялаудың аралық қорытындысын шығарды. Қысқа мерзім ішінде препараттың бірінші дозасын 32 мыңнан астам қыз алды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ведомствоның мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері бірінші дозамен 51,4 мың қыз, екінші дозамен 49,6 мың қыз егілді. Бүгінгі күнге дейін 11-13 жас аралығындағы 265,2 мың оқушы қыз бірінші дозаны алды, 175,1 мыңы екінші дозаны алып, вакцинацияны аяқтады.

Алматы онкологиялық орталығының онко-гинекологы Асқар Айдаровтың айтуынша, уақтылы вакцинация вируспен кездескенге дейін иммунитетті қалыптастыруға мүмкіндік береді және аурудың даму қаупін айтарлықтай төмендетеді.

«ВПЧ-ға қарсы тегін вакцинация – бұл қыздардың денсаулығын бүгін сақтауға және болашақта жатыр мойны обырының алдын алуға көмектесетін маңызды мемлекеттік кепілдік», – деп атап өтті ол.

Қазақстанда адам папиллома вирусына (ВПЧ) қарсы вакцинация мемлекет есебінен тегін жүргізіледі және жатыр мойны обырының алдын алудың маңызды шараларының бірі болып табылады.

Министрлікте егілгендердің арасында жағымсыз реакциялар тіркелмегенін атап өтті.

Еске сала кетейік, биылғы жылдың мамыр айында Қазақстанның бас мемлекеттік санитарлық дәрігері 14-17 жас аралығындағы қыздарға ВПЧ-ға қарсы қосымша вакцинация жүргізу туралы қаулыға қол қойды.

Бұған дейін «Курсив» жетекші медициналық журналдардан адам папиллома вирусы туралы ең жаңа деректерді жинап, тексерген болатын: қандай ВПЧ қауіпті, Қазақстанда қанша адам жұқтырған, тақырып бойынша қандай мифтер бар және вакцина не үшін қажет.

Еске сала кетейік, жыл сайын Қазақстанда шамамен 2 мың әйелге «жатыр мойны обыры» диагнозы қойылады және шамамен 600 әйел осы аурудан қайтыс болады. Бұл обыр репродуктивті жастағы әйелдер арасындағы онкологиялық аурулар арасында екінші орында тұр.