Қазақстанда 2023 жылдан бері өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған 623 жоба іске қосылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Соның нәтижесінде бұрын өндірілмеген жаңа өнім түрлері шығарыла бастады. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев үкімет отырысында атап өткендей, жаңа өнімдер қатарында локомотивтердің тірек балкалары, автобустардың қаптама элементтері, жүк техникасына арналған бөлшектер, автокөлік орындықтары мен мультимедиялық жүйелер, тұрмыстық техника, тік жікті құбырлар, терезе профильдері, фиброцемент тақталары, ламинат, жылыту радиаторлары және өзге де жаңа өнім түрлері бар.
Министрдің сөзінше, 2030 жылға дейін тағы 478 жоба іске қосылады. Осы жобалар аясында жаңартылатын энергия көздеріне арналған трансформаторлар, бандаждар, престер, сутегі, сутегі асқын тотығы, желатин мен пептон, сондай-ақ асфальтбетонға арналған тұрақтандырғыш қоспалар сияқты жаңа тауарлар шығарылады.
Бұл бастамалар елдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, импортқа тәуелділікті азайтуға бағытталған. Жаңа өндірістер жұмыс орындарын ашып, экономиканың әртараптануына ықпал етеді.
