«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында үш жыл ішінде 460 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы 217 мектеп салынды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Атап айтқанда, 2024 жылы 105 мектеп, 2025 жылы 112 мектеп пайдалануға берілді. Нәтижесінде 54 үш ауысымды және 12 апатты мектеп мәселесі толығымен шешілді, сондай-ақ 100-ден астам мектепте оқушы орындарының тапшылығы қысқарды.
Нысандардың едәуір бөлігі Астана, Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Алматы, Түркістан, Маңғыстау және Қызылорда облыстарында жүзеге асты, деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар ауылдық жерлерде жаңа форматтағы 84 мектеп салынды, соның арқасында 130 мыңнан астам ауыл балалары заманауи және жайлы білім беру ортасына қол жеткізе алады.
«Келешек мектептерінің» ауданы бұрынғы типтік жобалар бойынша салынған мектептерден орта есеппен алғанда 15–20%-ға үлкен, ал техникалық жабдықтау деңгейі 4 еседен астам жоғары.
