Биыл жоспарлы оқу-жаттығу жиындарына запастағы үш мың әскери міндетті адам тартылады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қорғаныс министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқу-жаттығу жиындары резервтегілердің даярлық деңгейін жетілдіріп, практикалық дағдыларды жаңарту үшін өткізіледі. Олар заманауи қару-жарақ пен әскери техниканы меңгереді.

Қатысушыларды іріктеу жергілікті әскери басқару органдары тарапынан армияның нақты әскери-есептік мамандықтары бойынша қажеттіліктеріне сәйкес жүзеге асырылады. Бұл ретте дайындық деңгейі, денсаулық жағдайы және заңнамада белгіленген өзге де талаптар ескеріледі, - делінген ресми хабарламада.

Запастағы әскери міндетті азаматтарға арнайы шақырту жіберіледі. Шақыртуды алғаннан кейін тиісті орынға белгіленген мерзімде келу керек. Адам келмеген жағдайда 5 АЕК (21 625 теңге) мөлшерінде айыппұл қарастырылған.

Заңнамаға сәйкес, бұл іс-шараларға тартылмайтын азаматтар санаты айқындалған. Олар: - оқу жылы кезеңіндегі педагогтар; - күндізгі бөлімде білім алушылар; - кәмелетке толмаған үш және одан да көп баласы бар ата-аналар; - әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы заңда көрсетілген өзге де санаттар.

Дайындық мерзімі бір айға дейін созылады. Осы уақыт аралығында қатысушылар азық-түлікпен, киім-кешекпен және медициналық қызметпен қамтамасыз етіледі. Жаттығу өтетін орынға бару және кері қайту қорғаныс министрлігінің есебінен ұйымдастырылады, - дейді министрлік мамандары.

Оқу-жиындарына барған адамның жұмыс орны мен атқарған қызметі сақталады. Орташа жалақы да төленеді, ал жұмыссыз азаматтарға бюджет қаражаты есебінен ең төменгі жалақы беріледі. Жиын уақыты жалпы еңбек өтіліне есептеліп жазылады.