Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда заңды некеге тұрып, отау құратындар саны азайып барады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Finprom.kz мәліметінше, Қазақстанда былтыр 116 мыңға жуық неке тіркелген. Бұл – соңғы жылдардағы ең төменгі көрсеткіш. Тіпті 2020 жылғы коронавирус пандемиясы кезіндегі көрсеткішпен салыстырғанда 10%-ға аз.

Биылғы қаңтар-шілде айларында да неке саны төмендеген. 2025 жылдың қаңтар-шілде айларымен салыстырғанда көрсеткіш 1,3%-ға азайған.

Алматы қаласындағы үйлену тойына қажетті тауарлар мен қызметтердің бағасына талдау жасалып, үш нұсқа бойынша ең төменгі және ең жоғары бюджет есептелді. Олар: қарапайым түрде неке қию, шағын үйлену тойы және 300 адамға арналған үлкен той.

Экономикалық нұсқа

Экономикалық нұсқа – ешқандай мерекелік шара мен рәсім өткізбей, тек некені ресми тіркеу. Мұндай жағдайда киім, қалыңдықтың гүл шоғы, неке сақиналары, фото және бейнетүсірілімге кемінде 128,3 мың теңге жұмсалады.

Шағын той

Екінші нұсқа – шамамен 50 қонаққа арналған шағын той. Оның құны 325 мыңнан 1,2 миллион теңгеге дейін жетеді. Сома қонақтар санына, таңдалған мәзір мен қызмет түрлеріне байланысты. Компаниялар мобильді буфет, банкет, пикник-барбекю және басқа да форматтарды ұсынады. Бұл есепке қалыңдықтың көйлегі, күйеу жігіттің костюмі, қосымша шығындар мен той өтетін орынның жалдау ақысы кірмеген.

Үлкен той

Ең қымбат нұсқа – 300 адамға арналған үлкен той. Мұндай тойдың ең төменгі шығыны шамамен 8,7 миллион теңгені құрайды. Бұл сома 50 шаршы метрлік пәтерге ипотека рәсімдеген кезде 30% бастапқы жарна төлеуге жеткілікті болар еді. Ал ең жоғары шығын 45 миллион теңгеге дейін жетеді.

Сонымен қатар биыл қыркүйектегі мәлімет бойынша, Қазақстандағы танымал асабалардың қызмет құны 8 миллион теңгеге дейін барады. Осы шығынды қоса есептегенде, 300 адамға арналған салтанатты тойдың премиум нұсқасы 57,8 миллион теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін. Бұл қаражатқа кең пәтер сатып алуға немесе баспананы ипотекасыз алуға мүмкіндік бар.