Қазақстанда жылжымайтын мүлік нарығында баға бір жылда 17%-ға өсіп, көктемде тағы 3-5%-ға қымбаттауы мүмкін. Qazaq Expert Club сарапшысы Диляра Сейітнұрова бағаның өсуіне әсер ететін негізгі факторларды атады, деп хабарлайды Qazaqyia ақпарат агенттігі.
Жыл басынан бері жаңа үйлердің бағасы инфляцияны басып озып, 15-17%-ға дейін өскен. Дәстүр бойынша көктемгі маусымда сатып алушылардың белсенділігі артып, бағаға тағы 3-5% қосылады. Бұл үрдіс биыл да салық және реттеу саласындағы өзгерістер аясында сақталып отыр.
Диляра Сейітнұрованың сөзінше, бағаның жылдық өсіміне бірнеше фактор әсер еткен.
««Біріншіден, 2026 жылдан бастап жаңадан салынған үйлерге 16% ҚҚС енгізіледі. Екіншіден, құрылыс материалдары мен қаржыландыру құны өсті. Сонымен қатар құрылыс компаниялары жаңа жобаларды нарыққа абайлап шығара бастады. Бұдан бөлек, пәтерден шығару ережелеріне қатысты талқыланып жатқан өзгерістер инвесторлардың қайталама нарыққа деген қызығушылығын төмендетіп, сұранысты жаңа үйлерге ауыстыруда», – дейді сарапшы.»
—
Нарықтағы ипотека мөлшерлемесі 18-22% аралығында жоғары болғанына қарамастан, «Отбасы банкінің» жеңілдетілген бағдарламалары сұранысты қолдап отыр. Әсіресе көктемде депозиттер бойынша мемлекеттік сыйлықақылардың төленуі бұл белсенділікті одан әрі күшейтеді.
Осының нәтижесінде наурыз айында ең алдымен эконом және комфорт санатындағы баспана бағасының өсуі күтіледі. Бұл әсіресе Алматы мен Астанадағы құны 36 миллион теңгеге дейінгі пәтерлерге қатысты. Ал қайталама нарық, керісінше, тоқырауға ұшырауы мүмкін. Бизнес және элит санаттағы тұрғын үйлерге жеңілдетілген ипотеканың әсері болмайды.
Фото: Әлеуметтік желіден
