Қазақстан Президенті Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованы қабылдады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, агенттік қадағалау қызметі шеңберінде 8 айда қаржы секторы субъектілеріне 279 инспекторлық тексеру жүргізген. 190 қадағалау шарасы қолданылып, 465 миллион теңге сомасында айыппұл салынған.
Сонымен қатар микроқаржыландыру және коллекторлық агенттіктер нарығында жұмыс істейтін 13 субъекті лицензиясынан айырылды, ал алтауының лицензиясы уақытша тоқтатылып, 4 коллекторлық агенттік тізілімнен шығарылды.
Бизнеске арналған кредиттер 3,5 пайызға ұлғайып, 16 триллион теңгеге жетті. Кәсіпкерлікке жаңадан берілген кредит көлемі жыл басынан бері 19,1 пайызға өсіп, 12,5 триллион теңгені құрады.
Реттеу шараларының нәтижесінде 7 ай ішінде тұтынушылық несиенің өсімі 4,6 пайызға дейін баяулады, - деп жазылған хабарламада.
Агенттік төрағасы мәлімдегендей, биыл шілде айынан бастап мерзімі кешіктірілген берешекті ұжымдық реттеудің Finkelisimkz платформасы іске қосылды. Жыл соңына дейін азаматтардың арыз-шағымдарын қарау үшін Бірыңғай қаржы омбудсмені кеңсесі жұмыс істей бастайды.
Мемлекет басшысы қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, қаржы саласында жасанды интеллектіні кеңінен пайдалану, экономиканың нақты секторларын кредиттеуді арттыру, сондай-ақ капитал мен сақтандыру нарығын одан әрі дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берді.
