Қазақстан билігі автокөліктердің техникалық байқау жүйесін жаңғырту мақсатында шетелдік тәжірибені зерттеуде. Осыған орай Көлік министрлігі, Қаржы министрлігі және ҚазжолҒЗИ өкілдері Испанияға барып, көлік тексерудің заманауи технологияларымен танысты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Сапар барысында мамандар DEKRA компаниясының техникалық байқау орталығына барды. Онда оларға диагностиканың заманауи әдістері, автоматтандырылған бақылау жүйелері және рәсімді неғұрлым ашық етуге мүмкіндік беретін цифрлық шешімдер көрсетілді.

Сонымен қатар, ҚазжолҒЗИ техникалық байқау станцияларына арналған жабдықтарды шығаратын испандық RYME Worldwide компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Сапар қорытындысы бойынша Көлік министрлігі Қазақстанда жаңа технологияларды енгізу мүмкіндігін зерттеп жатқанын мәлімдеді. Атап айтқанда, операторлардың қатысуынсыз диагностикалық жабдықтан деректерді автоматты түрде беру жүйелері қарастырылуда. Сондай-ақ техникалық байқау станцияларында тәулік бойы бейнебақылауды енгізу мәселесі қаралуда.

Ведомствоның пікірінше, цифрлық шешімдер техникалық байқауды жүргізуге бақылауды күшейтуге, адами фактордың әсерін азайтуға және автокөліктерді тексеру сапасын арттыруға көмектеседі. Сайып келгенде, бұл жол қозғалысы қауіпсіздігіне әсер етуі тиіс.

Бұған дейін Курсив Авто Қазақстанда 3,5 тоннадан асатын жүк тасымалдарын цифрландыру туралы хабарлаған болатын.