Beeline Қазақстан және Starlink Mobile компаниялары Direct to Cell технологиясы арқылы спутниктік мобильді байланысты іске қосты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мәлімдеді. Технология ұялы байланыстың жерүсті желісі жоқ жерлерде смартфон арқылы кейбір байланыс қызметтерін пайдалануға мүмкіндік береді.

Президент сапары барысындағы келісім

2025 жылдың күзінде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа ресми сапары барысында Қазақстан Starlink Mobile (Direct to Cell) спутниктік байланысын енгізу жөнінде келісімге келді.

«Бүгінде сол келісімнің нақты іске асып жатқанын көріп отырмыз», — деді Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары — жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

Орталық Азиядағы алғашқы ел

Оның айтуынша, Қазақстан Орталық Азияда Direct to Cell технологиясы практикалық сынақтан өткізіліп, енді пайдаланушыларға арналған қызмет ретінде іске қосылған алғашқы ел болды.

Технология арнайы спутниктік телефонды, сыртқы антеннаны немесе қосымша жабдықты қажет етпейді. Үйлесімді смартфон Starlink Mobile спутниктеріне тікелей қосыла алады.

Пайдаланушыларға жерүсті мобильді желісі мүлдем жоқ аймақтарда хабарламалар жіберу және қабылдау, сондай-ақ базалық интернет-сервистерді пайдалану мүмкіндігі беріледі.

Промо-кезеңде тегін

Beeline Қазақстан клиенттері үшін промо-кезеңде қызмет тегін ұсынылады.

«Спутниктік байланыс жерүсті мобильді инфрақұрылымды толықтырып, шалғай аудандарда, қала сыртындағы жолдарда және таулы жерлерде байланыс мүмкіндігін кеңейтеді. Қосылу үшін жерүсті желісінің болмауы және спутникпен байланыс орнатуға қолайлы жағдай болуы қажет», — деп жазылған хабарламада.

Бұл қызмет туристерге, шалғай елді мекендердің тұрғындарына, жол және коммуналдық қызметтердің қызметкерлеріне, елді мекендерден тыс жерде жұмыс істейтін мамандарға пайдалы болуы мүмкін.

Технологияны қалай пайдалануға болады

Қазіргі кезеңде қызметке Android операциялық жүйесінде жұмыс істейтін үйлесімді құрылғылар арқылы қосылуға болады. Алдағы уақытта басқа операциялық жүйелерді қолдауды кеңейту жоспарланып отыр.

Қызметті пайдалану үшін Janymda қосымшасын соңғы нұсқасына дейін жаңартып, қосымшада Starlink қызметін іске қосу және телефон баптауларынан деректер роумингін қосу қажет.

Жерүсті байланысы болмаған жағдайда спутниктік желіні қолмен таңдауға болады: Beeline Starlink. Кей жағдайда ол 401 04 ретінде көрсетілуі мүмкін.