Қазақстанда азаматтық-құқықтық даулар саны күрт өсті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Finprom.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бас прокуратура Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің деректеріне сәйкес, биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында қазақстандықтар, түрлі заңды тұлғалар мен компаниялар 506,1 мыңға жуық азаматтық талап-арыз берген. Бұл өткен жылдың қаңтар-маусым айларымен салыстырғанда едәуір көп.

Соңғы он жылдағы көрсеткішпен салыстырғанда, биыл сотқа жүгінгендер саны рекордтық деңгейге жетті.

Алматы көш басында

Әсіресе Алматы алда тұр. Порталдың жазуынша, әрбір төртінші азаматтық талап Алматыға тиесілі. Абсолюттік мәнде бұл – 122,6 мың талап-арыз. Көрсеткіш 2025 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда 32,1%-ға өскен.

Қалған өңірлерде, тіпті ірі қалаларда да талап-арыз саны салыстырмалы түрде айтарлықтай аз. Мәселен, Шымкентте 44,2 мың, Астанада 35,7 мың талап-арыз тіркелген.

Ең аз көрсеткіштер

Азаматтық талап-арыз саны ең аз өңірлер қатарында Ұлытау және Солтүстік Қазақстан облыстары бар.

Жалпы, сотқа жүгінетіндер қатары 2020 жылдан бері артып келеді. Бес жыл ішінде азаматтық талап-арыз саны екі есеге артқан.