Қазақстанда әлемдік экономика үшін аса маңызды және сирек металдардың 100-ден астам кен орны бар және олардың едәуір бөлігін экспорттай алады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков 16-шы Халықаралық тау-кен металлургия конгресінде мәлімдегендей, Қазақстан әлемдік өнеркәсіптің едәуір бөлігін жоғары сұранысқа ие маңызды пайдалы қазбалармен қамтамасыз ете алады.

«Бүгінгі таңда біздің мақсатымыз тек шикізат экспорттау емес. Біз толық өндірістік тізбекті қалыптастыруға, қайта өңдеуді дамытуға, жоғары технологиялық өндірісті жергіліктендіруге, заманауи технологияларды енгізуге және жаңа өнеркәсіптік құзыреттерді дамытуға ұмтылып отырмыз», – деді Сапарбеков.

Сондай-ақ ол тау-кен және металлургия саласындағы инвестициялық тартымдылықтың артып келе жатқанын атап өтті.

АҚШ Сауда министрінің маңызды минералдар мен металдар жөніндегі көмекшісінің орынбасары Джошуа Крон Қазақстанның жер қойнауындағы ресурстарға Америка Құрама Штаттарының қызығушылығы жоғары екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, АҚШ президенті Дональд Трамп елдің өнеркәсіптік және қорғаныс салаларына қажет материалдардың шетелдік жеткізу тізбегін күшейту жөнінде тапсырма берген.