Бүгін Қазақстанда ұлттық мереке – Республика күні тойланып жатыр. 36 жыл бұрын Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданған болатын. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Дәл осы құжат елімізге ішкі және сыртқы саясатты өз бетінше айқындауға, билік органдары мен заңнамалық жүйені қалыптастыруға, ал ең бастысы, тәуелсіздікке жол ашты.

Егемендіктен кейінгі Тәуелсіздік

1990 жылдың 25 қазанында қабылданған Декларация жобасын Салық Зимановтың басшылық етуімен қазақстандық құқықтанушылар тобы дайындаған болатын. Онда дербес мемлекеттілік, елдің төл мәдениеті мен дәстүрін, тілін жандандыру және дамыту, ұлттың қадір-қасиетін нығайту негіздері айшықталды.

Мәселен, Декларацияның 8-тармағында республика аумағында Қазақ КСР Конституциясы мен заңдарының үстемдігін алғаш рет бекітілді. Бұл дегеніміз, одақтық актілер республика Конституциясына қайшы келсе немесе оның егемендік құқықтарына нұқсан келтірсе, Республика олардың қолданылуын тоқтата тұру құқығына ие болды. Осылайша, ұлттық заңнаманы сыртқы араласудан қорғаудың құқықтық тетігі жасалды.

Егемендік декларациясы Қазақстанның тәуелсіздік алуына жол ашқан маңызды құжат болып саналады. Соның негізінде тәуелсіздік жарияланды.

Республика күні неге тойланбай кетті

Қазақстан тәуелсіз мемлекет атанғаннан кейін Республика күні жыл сайын 25 қазанда тойланған. 1995 жылы 18 қазанда алғаш рет «ұлттық мереке» болып жарияланса да, Тәуелсіздік күніне көбірек басымдық берілген. Содан 2001 жылы Республика күні ұлттық мәртебеден айырылып, «мемлекеттік мерекелер» санатына өтті. Ал 2009 жылы сәуірде мерекелер қатарынан мүлдем алып тастады.

2022 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін қайтаруды ұсынды. Оған «ұлттық мереке» мәртебесін беріп қана қоймай, Қазақстанның басты мейрамы ретінде тойлауға бастама көтерілді. Осылайша он жылдан астам уақыт бойы тойланбаған Республика күні қайта түледі. 2022 жылы Қазақстан халқы ұзақ жылдар бойы атаусыз қалған Республика күнін алғаш рет дүркіретіп атап өтті. Бүгінде Республика күні – елдегі жалғыз ұлттық мейрам.

Тоқаевтың ұстанымы

Қазіргі кезде Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне қарсаңында міндетті түрде мерекелік жиын өткізеді. Осы жолы да президент мейрамның маңыздылығын ерекше атап өтті.

«Бұл – бүкіл халқымыз үшін мән-мағынасы ерекше және қастерлі мейрам! 25 қазанда ақжолтай құжат – Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Дәл сол күні ұлт жылнамасының жаңа кезеңі басталды. Тарихи әділдік орнап, қасиетті қазақ жеріне Тәуелсіздіктің алтын қазығы қағылды. Сондықтан бұл күнді Ұлы даладағы мемлекеттілік дәстүрі қайта жаңғырған күн деп айтсақ, артық емес», – деді Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Республика күні – күллі халқымыздың басын қосатын, жалпыұлттық сипаты бар бірегей мереке.

«Егемендік пен Тәуелсіздік – бәрінен қымбат қазынамыз, ең асыл құндылығымыз! Сондықтан мемлекеттігімізді күшейтіп, еліміздің іргесін бекіте түсу – баршамыздың қасиетті борышымыз. Біз егемендікке ата-бабаларымыздың бойындағы мықты ерік-жігер мен өшпес рухтың арқасында қол жеткіздік. Халқымыз Тәуелсіздік жолында құрбан болған ерлердің, бостандық үшін жанқиярлықпен күрескен тұлғалардың есімін әрқашан жадында сақтайды», – деп атап көрсетті мемлекет басшысы.

Биыл дәстүр бойынша Ақордада Республика күніне орай бір топ азамат мемлекеттік наградамен марапатталды.

Ұлттық мереке қалай тойланады

Республика кезінде республика бойынша сан алуан мерекелік шаралар ұйымдастырылады. Өңірлерде түрлі концерттік бағдарламалар, фестивальдер, флешмобтар, ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өтеді. Биыл ұлттық мейрам жексенбіге түсіп тұр. Осыған байланысты дүйсенбі күні тағы бір демалыс беріледі.