2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстанда құрылыс жұмыстарының көлемі 4,1 трлн теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,2%-ға жоғары. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша құрылыс саласындағы жұмыстардың көлемі 10,7 трлн теңгеге жетіп, бір жылда 17,5%-ға өскен.
Жаңа Құрылыс кодексінің әсері
Саладағы маңызды өзгерістердің бірі жаңа Құрылыс кодексінің енгізілуі болды. Құжат құрылыс сапасы мен қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған. Атап айтқанда, құрылыс нысандарын пайдаланудың кепілдік мерзімін ұзарту, жобалау кезінде сейсмикалық тәуекелдерді ескеру және құрылыс ұйымдарын цифрлық бақылау тетіктерін енгізу қарастырылған.
Отандық өндіріс үлесі
Құрылыс материалдары нарығында отандық өндірістің үлесі 70%-дан асады. Ішкі нарықтағы сұранысты 3 мыңнан астам кәсіпорын қамтамасыз етеді.
Инвестициялық жобалар
2026 жылы құрылыс материалдарын өндіру саласында жалпы құны 202,2 млрд теңге болатын 48 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Жобалар аясында 3,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр.
Айта кетері, Қазақстанда бүгін – құрылысшы күні аталып өтеді.
