Қазақстан вице-президенті Ерлан Қарин елімізде қазақ тілінің жаңа орфографиялық сөздігі әзірленетінін хабарлады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ол бұл мәселені ғалымдармен кездесу барысында талқылады. «Қыркүйек» пен «қыргүйекке» қатысты пікірталас бізге де жетті. Шын мәнінде, бұл – тіл мамандары мен әдеби ортаның ғана мәселесі емес. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл болғандықтан, әрбір сөздің айтылуы мен жазылуы мемлекеттік аппараттың күнделікті жұмысына да тікелей қатысты. Өйткені, қазір қазақ тілі кеңсе тіліне айналды. Сондықтан мұндай мәселенің бір ұшы бізге де тиетіні рас», - деді Қарин.

Айтуынша, мемлекет қай сөзді қалай жазу керек екеніне араласа алмайды, араласпайды да. Бұл – сала мамандары мен ғалымдардың жұмысы, деді ол. «Біздің міндетіміз – осы істі тиімді үйлестіру. Сол себепті елімізде тіл саясатын жүргізіп отырған мекемелердің басшылары мен белгілі ғалымдарды жинап, аталған тақырып жөнінде пікір алмастық. Талқылау барысында қазақ тілінің жаңа Орфографиялық сөздігін әзірлеу қажет деген шешімге келдік», - деді вице-президент.

Алдымен белгілі ғалымдардан арнайы жұмыс тобы құрылып, жаңа сөздік дайындалады. Ұсынылған еңбек мекемеаралық комиссияда қаралып, бекітіледі. Вице-президенттің айтуынша, орфографиялық сөздік соңғы рет 2013 жылы шыққан. Содан бері қолданысқа қаншама жаңа сөздер қосылды.

«Бұл істе асығыстық танытуға болмайды әрі созып жүруге де уақыт жоқ. Қазақстан тарихының көптомдық академиялық жинағын әзірлегендей, жаңа Орфографиялық сөздікке де ұлттық жоба ретінде қарауға тиіспіз», - деді Қарин өзінің әлеуметтік парақшасында.