Бүгін Қазақстанда Қазақ тазысы күні алғаш рет аталып өтіп жатыр. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Экология министрлігінің мәліметінше, дәл осы күні, 2024 жылғы 3 қыркүйекте, Халықаралық кинологиялық федерация (FCI) қазақ тазысын алдын ала танып, №372 халықаралық стандартын бекіткен болатын. Осылайша, Қазақстан тұқымның шыққан елі ретінде ресми түрде танылды.

Министрліктегілердің айтуынша, ғасырлар бойы Ұлы даламен бірге жасасқан тазы бүгінде әлемдік көрмелерде Қазақстанды танытып жүр. Қазір Бірыңғай асыл тұқымдық кітапта 4 мыңға жуық тазы тіркелген.

Министрлік тазының генетикалық қорын, табиғи және жұмыс қасиеттерін сақтап, ұлттық тұқымды келесі ұрпаққа жеткізу бойынша алда әлі жұмыс көп екенін хабарлады.