Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қару иелері мен күзет ұйымдарына қойылатын талаптарды күшейтетін заңға қол қойды, деп хабарлайды Qazaqyia ақпарат агенттігі.
Жаңа заңға сәйкес, енді жекеменшік күзет ұйымдары өз қызметін уақытша тоқтатқан немесе қайта бастаған жағдайда бес жұмыс күні ішінде уәкілетті органға хабарлауға міндетті. Сондай-ақ заңды тұлға ретінде тіркелген жерінен тыс жерде қызмет көрсетсе де, осы ережені сақтауы тиіс.
Бұдан бөлек, заң күзет ұйымдарына өз жұмысы туралы уәкілетті органға тұрақты түрде есеп беріп отыру міндетін жүктейді. Бұл өзгеріс саладағы тәртіпті күшейтуге бағытталған.
Азаматтық және қызметтік қару иелері үшін де қосымша міндеттер қарастырылған. Енді олар иір ойықты қаруды бақылау атысына уақытылы ұсынуы керек. Егер бұл талапты мерзімінде орындамаса, қаруды пайдалану рұқсатының күші уақытша тоқтатылуы мүмкін.
Сонымен қатар, қару иесі саналатын заңды тұлға өз қызметін тоқтатқан күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде қолындағы қару мен оның оқ-дәрілерін ішкі істер органдарына сақтауға тапсыруға міндеттеледі.
Фото: Әлеуметтік желіден
