Катонқарағай ұлттық паркінде қар барысына алғаш рет спутниктік қарғыбау тағылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Мамандар алдымен қар барысын ұйықтатып тастаған. Алғашқы қарғыбаудың иесін «Алтай» деп атады. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Спутниктік қарғыбау арқылы мамандар Алтайдың қай бағытта жүретінін, қандай аумақтарды мекендейтінін және қаншалықты алысқа қозғалатынын бақылайды. Бұл мәліметтер қар барысының тіршілігін зерттеп, оны қорғау жұмыстарын жоспарлау үшін қажет», — делінген парктің ресми хабарламасында.
Қар барысы — сирек кездесетін жыртқыш, оның саны мен таралуын зерттеу экологиялық мониторингтің маңызды бөлігі. Спутниктік қарғыбау жануардың қозғалысы туралы нақты деректерді жинауға мүмкіндік береді.
