Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Қазақстандағы қант нарығына талдау жүргізуді аяқтады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша ішкі нарықтағы қанттың 70,4%-ы импортқа, ал 29,6%-ы отандық өндіріске тиесілі болды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл қант саласының импортқа тәуелділігі сақталып отырғанын көрсетеді. Сонымен қатар талдау барысында шикізат базасы мен қайта өңдеу қуаттарын дамыту арасындағы теңгерімсіздік, сондай-ақ биржалық сауданы бақылауды күшейту және қанттың реэкспортын мониторингтеу қажеттігі анықталды.
"Талдау қорытындысы бойынша агенттік қантты көтерме саудада өткізетін субъектілерге монополияға қарсы заңнаманы бұзу белгілері бойынша 9 хабарлама енгізді", - деп хабарлады агенттікте.
Сондай-ақ мемлекеттік органдарға отандық өндірісті және шикізат базасын дамыту, ұзақ мерзімді келісімшарттар енгізу және ішкі нарықтың импортқа тәуелділігін төмендету бойынша ұсыныстар жолданды.
