Қазақстанда кейінгі жылдары психикалық ауруға шалдыққан деген диагноз алғаш рет қойылған адамдар саны екі есеге жуық өсті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2021 жылы мұндай диагноз 8,5 мың адамға қойылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 15,5 мың адамға жеткен.

100 мың адамға шаққандағы алғашқы сырқаттану көрсеткіші 45,1-ден 76 науқасқа дейін өскен. 2026 жылдың бірінші тоқсанында 74 науқас тіркеліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,7%-ға артты.

Өсім Қазақстанның 20 өңірінің 15-інде тіркелді. Ең жоғары өсім Батыс Қазақстан облысында – 90,3%, Қызылорда облысында – 49,3%, Алматыда – 33,8% және Жамбыл облысында – 33% болды.

Психикалық ауруға шалдығу көрсеткіші балалар мен жасөспірімдер арасында айтарлықтай өскен. 2025 жылы 14 жасқа дейінгі балалар арасында алғашқы сырқаттану деңгейі 100 мың адамға шаққанда 147,3 жағдайға жетіп, 2021 жылмен салыстырғанда 1,8 есеге артқан. 15–17 жастағы жасөспірімдер арасында көрсеткіш 46,2-ден 65,9 жағдайға дейін өскен.

2025 жылы психикалық денсаулығына байланысты медициналық ұйымдарға жүгінген қазақстандықтардың жалпы саны 255,8 мың адамды құрады. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 9,2%-ға көп.

Диспансерлік есепте тұрған пациенттер саны шамамен 210 мың адамға жетті. Олардың 95,1 мыңы психобелсенді заттарды қолдануға байланысты психикалық аурулармен есепте тұр. Оның ішінде 81,3 мың адам алкогольді тұтынуға байланысты дертке шалдыққан.

Сонымен қатар елде психиатрлар саны артты. 2021 жылдан бері олардың саны 739-дан 998 адамға дейін өсті. Алайда осы кезеңде психиатриялық төсек-орындар саны 7,5 мыңнан 6,2 мыңға дейін қысқарды.

Денсаулық сақтау министрлігі психикалық денсаулық сақтау жүйесін жаңартуды жоспарлап отыр. 2027–2030 жылдарға арналған кешенді жоспарда аурудың алдын алу, ерте анықтау, пациенттерді сүйемелдеу, цифрландыру және психикалық денсаулық мамандарын емханалар жұмысына тарту көзделген.