Бүгін елімізде Отбасы күні аталып өтеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл мереке республикамыздың мерекелер тізіміне 2013 жылы енгізілді. Отбасы институтын нығайту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Бұған жаңа Конституцияда ерекше мән берілген.

Отбасыларға көрсетілетін атаулы көмекті күшейту мақсатында Отбасын қолдау орталықтарының жұмысы жаңғыртылды. Қазір елімізде осындай 160 орталық жұмыс істейді. Жыл басынан бері орталыққа 50 мыңнан астам азамат жүгінген. 43 мыңнан астам отбасына консультациялық көмек көрсетіліп, 6 мыңға жуық отбасы ұзақ мерзімді әлеуметтік сүйемелдеуге алынды.

Айтулы мерекемен қазақстандықтарды Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады. «Отбасы – ұлттың бірегей болмысын айқындайтын және мемлекет пен қоғамның дамуына тікелей ықпал ететін айрықша маңызды институт. Әр азаматтың дүниетанымы, адами қасиеттері қастерлі қара шаңырағында қалыптасады. Ана жүрегінің жылуы мен әкенің өрісті өнегесі әр адамды биік мақсаттарға жетелейді. Біз салт-дәстүріміз бен төл құндылықтарымызды ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, халқымыздың мәдени діңгегін және рухани тұтастығын нығайтып келеміз», – деді Тоқаев.

Айтуынша, 1 шілде күні заңды күшіне енген Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес неке және отбасы, ана, әке мен бала мемлекеттің қорғауында болады. Конституцияда балалардың құқығын, әйел мен ананың отбасындағы рөлін күшейтуге баса назар аударылды.

«Тұңғыш рет „неке – ер мен әйелдің мемлекет заңға сәйкес тіркеген ерікті және тең құқықты одағы“ деген норма көрініс тапты. Сондай-ақ биыл Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл институты құрылды. Бала тәрбиесі мәселесіне зор жауапкершілікпен қарау, өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің маңызды миссиясының бірі», – деді мемлекет басшысы.

Тоқаев бәріміз осы ортақ міндетке күш жұмылдырсақ, қоғамда өркениетті елдерге тән жаңа этика қалыптастыруға болатынын айтты.