Қазақстанда 2026 жылдың екінші тоқсанында орташа айлық жалақы 486 388 теңге болды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, медианалық жалақы 348 415 теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш қазақстандықтардың жартысы аталған сомадан аз, ал қалған жартысы одан көп жалақы алатынын білдіреді.

2026 жылғы деректер бойынша, ең жиі кездесетін жалақы мөлшері, яғни модальды жалақы 187 006 теңгені құрады.

Ұлттық статистика бюросы ерлер мен әйелдердің бір сағаттық еңбекақысы арасында да айырмашылық бар екенін хабарлады. Ерлердің орташа сағаттық жалақысы 2 859 теңге болса, әйелдерде бұл көрсеткіш 2 180 теңгеге тең. 2025 жылмен салыстырғанда ерлердің сағаттық жалақысы 8,4%-ға, әйелдердікі 6,5%-ға өскен.

Жас ерекшелігіне қарай жалақы мөлшері

Статистикаға сәйкес, ең төменгі жалақыны 16-24 жас аралығындағы қызметкерлер алады. Олардың орташа айлық табысы – 310 256 теңге.

Ал ең жоғары жалақыны 35-44 жас аралығындағы қызметкерлер алады. Бұл топтағы орташа айлық жалақы 489 629 теңгеге жетті. 45-54 жас аралығындағы қызметкерлердің орташа жалақысы 467 544 теңгені құрады.

Жалақының ең жоғары өсімі 16-24 жас аралығындағы қызметкерлер арасында байқалды – 10,9%. Ал 65 жастан асқан қызметкерлердің жалақысы бар болғаны 1,3%-ға өскен.