Қазақстанда 28 маусым күні бес орман өрті тіркеліп, олардың барлығы қысқа мерзімде жойылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, өрттер Ақмола, Алматы облыстарында, сондай-ақ «Семей орманы» және «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваттарында тіркелген.
«Өрт ошақтары өртті ерте анықтау жүйесінің көмегімен уақытылы анықталып, жедел оқшауланды. Орман күзеті қызметкерлері мен «Қазавиалесоохрана» РМК мамандарының үйлесімді жұмысының нәтижесінде оттың таралуына жол берілмей, барлық өрт қысқа мерзімде жойылды», — делінген ведомство хабарламасында.
Министрліктің дерегінше, өрттердің көпшілігінің негізгі себебі — найзағай разрядтары.
Азаматтар өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға және елдің орман байлықтарына ұқыпты қарауға шақырылды.
Бұған дейін «Курсив» Қазақстанда бір күнде үш орман өрті тұтанғанын жазған болатын. Бұл туралы ҚР Экология министрлігі хабарлаған.
Сондай-ақ, ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нүркен Шәрбиев алаңдатарлық статистикамен бөлісті: 2026 жылдың басынан бері Қазақстанда мемлекеттік орман қорларында 87 өрт тіркелген. Бұл соңғы үш жылдағы ең жоғары көрсеткіш.
Ол өрттердің негізгі себебі ретінде найзағай разрядтарын атады, өйткені оларды болжау мүмкін емес. Тағы бір кең таралған себеп — орман өртінен оттың ауысуы.
