Қазақстанда Ұлттық білім беру дерекқорын жаңғыртып, оның негізінде бірыңғай цифрлық платформа құрылады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Платформа мемлекеттік қызметтерді алуды жеңілдетіп, бюджет шығынын қысқартуға тиіс. Бұл туралы үкімет хабарлады.

Жобаның іске асырылу барысы премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Налибаевтың төрағалығымен өткен кеңесте талқыланды.

Кеңесте оқу-ағарту министрі және «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы қолданыстағы жүйені жаңғырту және Ұлттық білім беру платформасын құру туралы есеп берді. Сондай-ақ Шымкент, Түркістан, Ақтөбе және Алматы облыстары әкімдерінің орынбасарлары өңірлердегі оқу орындарын цифрландыру туралы баяндады.

Жаңартылған жүйе бірінші сыныптарға өтініштерді толығымен онлайн форматқа көшіруге мүмкіндік берді. Ол арқылы 490 мыңнан астам өтініш түсті.

Техникалық, кәсіптік және орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына қабылдау да автоматтандырылды. Жүйенің көмегімен колледждерге 220 мыңнан астам талапкер қабылданды.

«Ұлттық білім беру платформасын енгізу білім беру саласындағы мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды қамтамасыз етіп қана қоймай, бюджет шығынын айтарлықтай қысқартуға, босаған қаражатты білім беру жүйесінің басқа да қажеттіліктеріне бағыттауға мүмкіндік береді», — деді Налибаев.