Қазақстанда маусым басталғаннан бері 13 мыңнан астам адамды кене шаққан. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, маусым басталғалы бері кене шаққаннан кейін медициналық көмекке 13 мыңнан астам адам жүгінген. Олардың 90 пайыздан астамы кене энцефалитіне қарсы шұғыл профилактикамен қамтылған.

Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Сархат Бейсенованың айтуынша, жаз мезгілінде табиғи-ошақтық инфекциялардың таралу қаупі дәстүрлі түрде артады. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі алдын ала профилактикалық іс-шаралар кешенін жүргізуде. «Біз эпидемиологиялық мониторингті күшейттік, медициналық ұйымдарды иммуноглобулиннің қажетті қорымен қамтамасыз еттік, қауіп тобына жататын адамдарды вакцинациялауды және эндемиялық өңірлерде кенеге қарсы өңдеу жұмыстарын жалғастырып жатырмыз», – деді ол.

Кене энцефалиті табиғи-ошақтық инфекциялар қатарына жатады және негізінен аурудың табиғи ошақтары орналасқан аумақтарда тіркеледі. Қазақстанда мұндай аумақтарға Алматы қаласы және оның маңайы, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстары, Жетісу облысы, Абай облысының Көкпекті ауданы, Ақмола облысының Сандықтау ауданы және Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданы жатады.

Елімізде жыл сайын кене энцефалитінің 24-тен 48-ге дейінгі жағдайы тіркеледі. Биыл зертханалық жолмен аурудың 24 жағдайы расталды, бұл көпжылдық маусымдық көрсеткіштерге сәйкес келеді, дейді мамандар.