Қазақстанда коронавирусқа қатысты эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті хабарлады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

2026 жылдың басынан бері елде COVID-19 инфекциясын 247 адам жұқтырған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,8 есе аз. 2025 жылдың осы кезеңінде 942 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталған.

«Зертханалық мониторинг нәтижесіне сәйкес, Қазақстанда коронавирустың "Омикрон" штамына жататын, "Стратус" деген атпен белгілі XFG желісі әлі де айналымда жүр», — деп жазылған хабарламада.

Мамандардың мәліметінше, індеттің бұл түрі Қазақстанда біраз уақыттан бері тіркеліп келеді және жаңа вирус болып саналмайды. Қазіргі деректерге сәйкес, елде айналымда жүрген коронавирус нұсқалары халық денсаулығына қосымша қауіп төндіріп отырған жоқ.

Коронавирустан қалай қорғануға болады?

Мамандар респираторлық инфекциялардың, соның ішінде COVID-19-дың таралу қаупін азайту үшін мынадай шараларды ұсынады:

  • 01қолды сабынмен мұқият әрі жиі жуу немесе антисептик қолдану;
  • 02бөлмелерді жүйелі түрде желдету;
  • 03аурушаңдық артқан кезде адам көп жиналатын орындарға баруды шектеу;
  • 04адам көп жерде, әсіресе респираторлық инфекция белгілері байқалғанда, медициналық маска тағу;
  • 05ауру белгілері пайда болса, айналадағы адамдармен, әсіресе қарттармен және созылмалы аурулары бар адамдармен байланысты шектеу;
  • 06медициналық көмекке уақытылы жүгініп, дәрігердің ұсынымдарын орындау.