Қазақстанда өнер көрсететін шетелдік әртістер енді концерттік бағдарламасын жергілікті әкімдікпен алдын ала келісуге міндетті болады. Сенат «креативті индустриялар туралы» заңға осындай түзетулерді мақұлдады, деп хабарлайды Qazaqyia ақпарат агенттігі.
Жаңа ережеге сәйкес, концерт ұйымдастырушылары шара өтетін күннен 30 жұмыс күні бұрын әкімдікке барлық құжатты және орындалатын әндердің толық тізімін ұсынуы керек.
Сонымен қатар, енді билет сатылымы ресми келісімшарт жасалғаннан кейін ғана басталады. Бұрын көп жағдайда керісінше болып келген.
Заң бойынша есірткі, порнография, мемлекеттік құрылысты бұзу сияқты тақырыптарды насихаттайтын немесе қоғамдық тәртіпке қайшы келетін әндерді орындауға тыйым салынуы мүмкін.
Егер концерт барысында заңбұзушылық анықталса, жергілікті билік оны тоқтатуға немесе мүлдем өткізбеуге құқылы.
«Мәдениет министрлігінің өкілдері бұл өзгерісті: «Бұрын концерттер туралы көбіне әлеуметтік желіден біліп отырдық. Енді бәрі өркениетті әлемдегідей болады», – деп түсіндірді.»
—
Фото: Әлеуметтік желіден
