Қазақстанда соңғы үш оқу жылында колледж студенттерінің саны 542,7 мыңнан 556,2 мың адамға дейін өсті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Үкіметтегі техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру жүйесін дамыту мәселелеріне арналған кеңесте оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова осындай дерек келтірді. Оның айтуынша, соңғы үш оқу жылы ішінде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне көрсетілетін мемлекеттік қолдау едәуір күшейді.

«Мемлекеттік білім беру тапсырысы 48,4 мың орынға ұлғайды. Соның нәтижесінде колледж студенттерінің саны 542,7 мыңнан 556,2 мың адамға дейін өсті», - деді Сүлейменова.

Кадр даярлау көрсеткіштерінде де оң үрдіс байқалады. Соңғы үш жылда бітірушілер саны шамамен 20%-ға артты. Оның ішінде жұмысшы біліктілігі бойынша түлектер саны 26,5%-ға, орта буын мамандары бойынша 17%-ға көбейді.

Министр колледждердің білім беру бағдарламаларын жаңарту, еңбек нарығының сұранысына сәйкес кадрлар даярлау сыныптауышын өзектендіру және мамандар даярлаудың заманауи тәсілдерін енгізу жұмыстары жалғасатынын айтты.

Кеңес қорытындысы бойынша премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева білім беру бағдарламаларын еңбек нарығының сұранысына сай тұрақты түрде жаңартып отыруды, колледждердің жұмыс берушілермен байланысын күшейтуді және дуальды оқыту жүйесін одан әрі кеңейтуді тапсырды.