Қазақстанда жылдың соңына дейін кезектен тыс мәслихат депутаттарының сайлауы өтуі мүмкін. Себебі олардың көбісі кезінде "Amanat" партиясының атынан сайланған. Бұл партия "Әділетке" қосылғаннан кейін өз қызметін тоқтатты. Бірақ заңнамалық рәсімдер әлі аяқталған жоқ. Ал осы рәсімдер біткеннен кейін бұрынғы аманаттықтар жаңа партияға өтіп кетсе, мәслихатқа қайтадан сайлануы керек. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Мәслихаттар не істейді
Конституция бойынша мәслихат депутаттары жергілікті халықтың ерік-мүддесін білдіріп, соны іске асыруға қажетті шараларды айқындайды.
Депутаттың өкілеттіктері:
- 01аумақты дамыту жоспарларын, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларын, жергілікті бюджетті және олардың атқарылуы туралы есептерді бекіту;
- 02өз қарауына жатқызылған жергілікті әкімшілік-аумақтық құрылыс мәселелерін шешу;
- 03жергілікті атқарушы орган басшыларының есебін қарау;
- 04заңға сәйкес азаматтарының құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету жөніндегі өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.
Сондай-ақ, президент облыс пен республикалық маңызы бар қала әкімдерін мәслихаты депутаттарының келісімімен тағайындайды.
Депутаттыққа үміткерлер қалай ұсынылады
Заңға сәйкес, мәслихат депутаттарының сайлауы аралас жүйе бойынша өтеді. Бұл дегеніміз, үміткерлерді саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер ұсынады. Сондай-ақ, өзін-өзі ұсыну құқығы да бар. Барлық талапқа сай үміткер өз кандидатурасын шығара береді. Сайлауға түсу үшін тиісті округтік сайлау комиссиясына өтініш беру керек. Ал кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталғанда екі-ақ үміткер ғана болса, сайлау комиссиясы кандидаттарды ұсыну мерзімін 20 күннен аспайтын мерзімге ұзартады.
Үміткерлерді тіркеу тәртібі
Партиялық тізімдер мен өзін-өзі ұсынған кандидаттарды аумақтық сайлау комиссиясы тіркейді. Одан кейін әрбір кандидат үшін жарна төленуі шарт. Оның көлемі – 425 000 теңге. Бұған дейін мәслихат сайлауына қатысқан және дауыстың белгілі бір бөлігін жинағандар жарнадан босатылады немесе жеңілдік алады:
- 015 процент дауыс – 0 теңге;
- 023-5 процент дауыс – 212 500 теңге;
- 031-3 процент дауыс – 297 500 теңге.
Сайлаудан кейін мәслихатқа өткен депутаттардың жарнасы қайтарылады.
Кандидатқа қажетті құжаттар
Саяси партия алдымен ұйымды тіркеу туралы құжаттың көшірмесін, сондай-ақ, партиялық тізімді ұсыну туралы хаттамасынан үзінді көшірме ұсынады. Кандидаттың партиялық тізімге енгізуге келісім беру туралы өтініші де болуы шарт.
Негізгі құжаттар:
- 01сайлауға түсу ниеті туралы өтініш;
- 02кандидат туралы өмірбаяндық деректер;
- 03үміткер мен оның зайыбының табыс декларациясын тапсырғаны туралы мемлекеттік кірістер органының анықтамасы;
- 04кандидаттың сайлау жарнасын енгізгенін растайтын құжат.
Партиялық тізімде әйелдер мен жастардың саны кем дегенде отыз пайызды құрауға тиіс. Тізім аумақтық сайлау комиссиясына бес күннің ішінде жіберіледі. Тіркелген кандидаттарға тиісті куәлік беріледі. Ал комиссия жеті күннің ішінде барлық үміткердің аты-жөнін жариялайды.
Партиялық тізімнен шығару себептері
Сайлауға қатысуға ниет білдірген және партиялық тізімге кірген кандидатты сайлаудан шеттетуі мүмкін. Негізгі себептер:
- 01кандидатқа қойылатын талаптарға сай келмеуі;
- 02табыс декларациясындағы мәліметтердің дұрыс еместігі;
- 03сайлау алдындағы науқанында лауазымдық немесе қызметтік жағдайды пайдалану;
- 04сайлау алдындағы үгітті партиялық тізімді тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін жүргізу;
- 05сайлаушыларды сатып алу фактілері.
Саяси партия сотқа шағым түсіре алады. Соттың шешімі түпкілікті болып табылады. Бірақ сайлауға екі күн қалғанда партиялық тізімге енгізілген адамды шығаруға болмайды.
Дауыс қалай саналады
Сайлау нәтижесі бес күннің ішінде жариялануы шарт.
"Егер сайлау бюллетеніне мәслихат депутаттығына екеуден көп кандидат енгізілген болса және олардың бірде-бірі сайланбаса, округтік сайлау комиссиясы ең көп дауыс санын алған екі кандидат бойынша депутатты сайлау жөніндегі қайта дауыс беруді тағайындайды. Егер кандидатуралардың шығып қалуы нәтижесінде бір кандидат қалса, онда оның кандидатурасы бойынша қайта дауыс беру өткізілмейді және ол сайланды деп есептеледі", - делінген заңда.
Аумақтық сайлау комиссиялары дауыс беруді қайта өткізе алады.
Сайлауда бірнеше бюллетень болады
2023 жылғы мәслихат сайлауында үш бюллетень болған. Біреуінде партиялық тізімдер таңдалса, екіншісінде өзі-өзі ұсынған кандидаттарға дауыс берілген болатын. Ал облыс тұрғындарына үшінші бюллетень таратылды. Себебі ол жерде облыстық мәслихаттан бөлек қалалық және аудандық мәслихаттар бар. Мәслихат депутаттары жасырын дауыс беру арқылы бес жылға сайланады.
Сайлау қашан өтеді
Бұған дейін Тоқаев мәслихат депутаттарының сайлауын не үшін өткізу қажеттігін түсіндірген.
"Депутаттардың көпшілігі "Amanat" партиясының атынан сайланды. Бүгінде бұл саяси ұйым "Әділет" партиясына қосылып, өз қызметін тоқтатты. Жақында тиісті заңнамалық рәсімдер аяқталады. Сол кезде мәслихат депутаттарының басым бөлігінің қызметінің заңдылығына қатысты мәселе туындайды", - деді Тоқаев Халық Кеңесінің бірінші сессиясында.
Президент премьер-министрмен және Құрылтай төрағасымен барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату жайында кеңесіп, тиісті жарлыққа қол қояды. Ал мәслихаттар өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған күннен бастап екі айдан кешіктірілмей сайлауы өткізілуге тиіс. Сайлау өтетін күнді Орталық сайлау комиссиясы жариялауы керек.
