Қазақстанда есепті апта ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бірқатары бойынша бағалардың төмендегені байқалды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, апта ішінде пияздың бағасы 4,8%-ға, ақ қауданды қырыққабаттың бағасы 4,6%-ға, картоп 2,9%-ға, сәбіз 2,4%-ға, алманың бағасы 1,1%-ға төмендеді.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жалпы баға деңгейі бір апта ішінде Қонаев қаласында 0,4%-ға, Атырау, Жезқазған және Көкшетау қалаларында 0,2%-ға, Алматы, Қызылорда, Орал және Өскемен қалаларында 0,1%-ға төмендеді.

Қостанай, Ақтөбе, Петропавл, Тараз, Талдықорған және Түркістан қалаларында бағалар өткен апта деңгейінде сақталды.

Жекелеген тауарлар бойынша орташа бағалар

Республика бойынша пияздың орташа бағасы 1 килограмына 179 теңгені құрады. Ең төмен баға Түркістан қаласында – 1 килограмына 135 теңге деңгейінде тіркелді.

Ақ қауданды қырыққабаттың республика бойынша орташа бағасы 1 килограмына 176 теңгені құрады. Ең төмен баға Тараз қаласында – 132 теңге.

Республика бойынша картоптың орташа бағасы килограмына 241 теңгені құрады. Ең қолжетімді бағалар Павлодар қаласында – 177 теңге, Қостанай қаласында – 194 теңге деңгейінде тіркелді.

Қызанақтың орташа республикалық бағасы 1 килограмына 546 теңгені құрады. Ең қолжетімді баға Тараз қаласында – 315 теңге деңгейінде қалыптасты.