Салық заңнамасындағы ауқымды өзгерістерге қарамастан, Қазақстанда кәсіпкерлер саны өсуін жалғастырды. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша елде 2 млн 939 мың кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, бұл жыл басынан бері 499 мыңға немесе 20,4%-ға көп. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Мұндай деректерді үкімет отырысында вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жария етті.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, жеке кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың жиынтық саны 1 млн 860 мыңнан 2 млн 352 мың адамға дейін өскен. Сонымен қатар заңды тұлғалардың саны 579 756-дан 587 117-ге, ал ҚҚС төлеушілердің саны 135 845-тен 158 194-ке артқан.

Министр кәсіпкерлік белсенділік оң динамиканы сақтап, сыртқы және ішкі экономикалық өзгерістерге төзімді екенін атап өтті.

ШОБ субъектілерінің санының өсуі салалық құрылымдағы өзгерістермен қатар жүрді. Атап айтқанда, шағын заңды тұлғалардың саны тау-кен өнеркәсібінде (2,9%-ға), құрылыс және ауыл шаруашылығында (2,5%-ға), сондай-ақ ақпарат және байланыс саласында (2,4%-ға) өскен. Орта кәсіпорындар арасында ең көп өсім жылжымайтын мүлікпен операциялар (5,8%), қаржы және сақтандыру (3,2%) және басқа да қызметтер (3,1%) салаларында тіркелген.

Жұманғариннің айтуынша, шағын және орта бизнестің ЖІӨ-дегі үлесі артып келеді және 2025 жылдың қорытындысы бойынша 40,9%-ды құрады, 2021 жылы бұл көрсеткіш 33,5% болған.

Сонымен қатар, 2026 жылдың бірінші тоқсанында экономикада жұмыспен қамтылғандар саны 9,4 млн адамға дейін өскен, оның 4,5 млн-ы шағын және орта бизнес секторында жұмыс істейді.

Министрліктегілер ағымдағы үрдістер кәсіпкерлік ортаның ашықтығының артуын және бизнестің жаңа экономикалық жағдайларға бейімделуін көрсетеді деп санайды.

Айта кетейік, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енді. Құжат, атап айтқанда, ҚҚС мөлшерлемесін 12%-дан 16%-ға дейін көтерді, ҚҚС бойынша міндетті есепке қою шегін 20 мың АЕК-тен 10 мың АЕК-ке дейін (86,5 млн теңгеден 43,25 млн теңгеге дейін) төмендетті, сондай-ақ ірі және орта бизнестің жеңілдетілген декларация бойынша жұмыс істейтін және ҚҚС төлеуші ретінде тіркелмеген кәсіпкерлермен операцияларды шегерімге жатқызу мүмкіндігін шектеді.