Қазақстанда ипотекалық несиелер бойынша шекті мөлшерлемелер өзгереді. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап максималды жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) қарыз алушының бастапқы жарнасының мөлшеріне байланысты болады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Тиісті бірлескен қаулыны 30 маусымда Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қабылдады.

Жаңа ережелер LTV коэффициентіне – несие сомасының кепілге берілген тұрғын үй құнына қатынасына байланысты сараланған тәсілді қарастырады.

Егер несие мөлшері жылжымайтын мүлік құнының 70%-дан аспаса (LTV 0,7-ге дейін қоса алғанда), ипотека бойынша максималды ЖТСМ 20%-бен шектеледі. Егер несие тұрғын үй құнының 70%-дан асса (LTV 0,7-ден жоғары), шекті мөлшерлеме 25% деңгейінде қалады.

Мұны 100 млн теңге тұратын үй мысалында қарастырайық. Егер клиенттің қолында бастапқы жарна ретінде 30 млн теңге және одан да көп қаражат болса, ал жалпы несие мөлшері 70 млн теңгеден аз болса, онда ипотека бойынша максималды мөлшерлеме 20% құрайды. Егер бастапқы жарна осы сомадан аз болса – ЖТСМ 25%-ға дейін өседі.

Сондай-ақ, 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін ипотекалық тұрғын үй несиелері бойынша максималды ЖТСМ 25% деңгейінде сақталатыны атап өтілді.

Ұлттық банкте өзгерістер 2026-2028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру бағдарламасы аясында қабылданғанын түсіндірді. Қаулы 2026 жылғы 1 шілдеде күшіне енді.

Бұған дейін «Курсив» қазақстандықтардың тұрғын үй сатып алу кезінде мемлекетке тәуелділігі артып келе жатқанын жазған болатын.