Вице-премьер Серік Жұманғарин ет бағасының өсуіне байланысты тапсырма берді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ресми мәліметке сәйкес, соңғы аптада қызанақ (-15,1%), қияр (-18,2%), сәбіз (-5,2%) және жұмыртқа (-2,4%) айтарлықтай арзандады. Бірақ қой еті (2%), жылқы еті (1,3%) және тартылған ет (0,6%) бағасы өсті.
Осыған байланысты премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин үкіметтің алдағы іс-қимылын айқындау үшін өндіріс көлемін, ішкі тұтыну мен экспорттық жеткізілімді ескере отырып, ет және ет өнімдерін өндіру нарығына егжей-тегжейлі талдау жүргізуді тапсырды.
«Бағаның айтарлықтай өсуінің әрбір жағдайы бойынша жеткізілімнің барлық тізбегін талдау және қымбаттаудың себебін жою қажет. Бейінді министрліктер мен әкімдіктерге ірі көтерме жеткізушілермен және импорттаушылармен кездесулер өткізуді, қолданыстағы кедергілерді айқындауды және баға тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша қарсы міндеттемелерді міндетті түрде қабылдаған кезде мемлекеттік қолдаудың қажетті шараларын әзірлеуді тапсырамын», — деді Жұманғарин арнайы кеңесте.
Алдағы уақытта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын ұстауға арналған шаралар да қолға алынады. Олар: нан пісіру саласының 40 кәсіпорны үшін электр энергиясына жеңілдетілген тариф енгізу; ел ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының теміржол тасымалына 70% жеңілдік ұсыну. Ал әкімдіктер осы жеңілдіктердің нәтижесін бақылап, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуі тиіс.
Бұдан бөлек, жыл соңына дейін өсімдік майын тазартатын үш зауытты пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ол ішкі нарықтағы күнбағыс майын ұлғайтуға мүмкіндік береді.
