Қазақстанда жеңіл электромобильдер саны тұрақты өсіп келеді, деп хабарлады Ұлттық статистика бюросы. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша Қазақстанда 24 634 жеңіл электромобиль тіркелген. Бір жыл бұрын елімізде 15 835 электромобиль есепте тұрған болатын. Осылайша, бір жыл ішінде электромобильдер саны 55%-ға артқан.
Ең көп электромобиль Алматы қаласында тіркелген. Қала үлесіне елдегі барлық электромобильдің 62% тиесілі – 15 280 құрайды. Саны бойынша көшбасшы өңірлер үштігіне сондай-ақ Астана қаласы (2 885 бірлік) мен Алматы облысы (1 589 бірлік) кіреді.
Электромобильдер Қазақстанның барлық өңірінде тіркелгенімен, өңірлер бойынша таралуы біркелкі емес. Ең төмен көрсеткіш Абай облысында – 78 бірлік және Ұлытау облысында – 41 бірлік тіркелді.
