Қазақстандағы ең тұңғыш дрон жарысы 2023 жылы Орал қаласында өтті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Алғаш болып бұл спортты қолға алған «Aspandrone» қоғамдық бірлестігі, жетекшісі — Қайсар Есенғали. Қазақстандағы дрон спортының деңгейі мен осы саладағы шешілуі керек мәселе қандай, бұл туралы бірлестік жетекшісі Sputnik Қазақстан тілшісіне айтып берді.
Тұңғыш дрон жарысы қалай өтті
Осыдан үш жыл бұрын дрон спортының ең алғашқы жарысы өтті. Ұйымдастырушы — «Aspandrone» қоғамдық бірлестігі.
«Шетелдерді қарап тұрсақ, үнемі жарыстар өтіп жатады. Бұл шараны неге бізде ұйымдастырып көрмеске деп ойладық. Сөйтіп блогерлер арқылы жарнама жасадық. Сенесіз бе, небәрі 4 қазақстандық қана қатысамыз деп ұсыныс жасады. Оның өзін әрең таптық, біреуі осы спортпен айналысып жүрген 11 жастағы оқушы, ал үшеуінің мүлдем хабары жоқ», — дейді Қайсар Есенғали.
Жарнаманы көрген шетелдіктер Қазақстанда өтетін тұңғыш жарысқа қатысуға ниет білдіреді. Шағын болады деп жоспарланған жарыс халықаралық жарысқа айналады. 24 адам бақ сынайды, 20-сы шетелдік спортшы.
«Біздің тәжірибеміз болған жоқ, жарысты қалай өткізеді деп әр жерден сұрадық. Оралдық меценат қолдау білдіріп, бірінші орынға 5 мың доллар тікті. Шетелден келген жарысқа қатысушыларды күтіп алу, қонақ үйде күту, барлығын жергілікті кәсіпкер өз мойнына алды. Сөйтіп бірінші орынды қазақстандық 11 жастағы қарағандылық оқушы жеңіп алып, 5 мың доллар иеленді», — дейді Қайсар Есенғали.
«Құралақан емеспіз»
Бұл нәтиже біздің елдің ұйымдастырушыларының мәртебесін көтерген. «Қазақстан дрон спортынан құр алақан емес» деген олар ары қарай дамытуға кіріседі.
«Жалпы бұл спорт өте адал, еш боямасыз спорт. Спортшылар дайын дронды сатып алмайды, оны жинайды. Формула-1 сияқты моторы, рамасын, камерасын таңдап, бағдарлама енгізеді. Реакция, спорт, адреналин — ерекшелігі осында. Дрон спортшы дронымен әртүрлі қашықтықта кедергілерді аса үлкен жылдамдықпен өту керек. Бұл жарыс өте қиын, бәрі ашық, анық, айқын, көзбояушылық болмайды», — дейді «Aspandrone» қоғамдық бірлестік жетекшісі Қайсар Есенғали.
Үш жылда қазақстандық дрон спортын ұйымдастырушылар көптеген жетістіктерге жеткен. Бұл спорт мектептерде, оқушылар сарайларында ашыла бастаған. Тіпті оқу-ағарту министрлігі робототехника кабинеттерінің жанынан дрон спортын дамытатын қосымша үйірмелер ашу туралы қаулы шығарылған.
