Қазақстанда донорларды мемлекеттік деңгейде марапаттау жүйесі енгізілді. Үкімет «Құрметті донор» ведомстволық төсбелгісін бекітті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, алғашқы медаль иегерлері 481 адам болады. Медаль дизайнын Қазақстан монета сарайы әзірлеген.

Үкімет қаулысына сәйкес, төсбелгі қазақстандықтарға, сондай-ақ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға тегін донациялар үшін беріледі. Медаль алу үшін қан немесе тромбоциттерді кемінде 40 рет, ал қан плазмасын кемінде 70 рет тапсыру қажет.

Геральдика жөніндегі комиссия бекіткен медаль стильдендірілген қан тамшысы түрінде жасалған, ол бургунд түсті эмальмен қапталған. Ішінде жүрек ырғағы бейнеленген. Композиция дөңгелек матталған жолақпен жиектелген.

Жаңа қаулы жыл сайын 80 мыңнан астам пациентке өмір сыйлайтын адамдардың еңбегін бағалауға арналған. Министрлік жыл сайын республикада 180 мыңнан астам азамат донор болатынын, олар 255 мыңнан астам донация жасайтынын атап өтті.

Плазма тапсыру (плазмаферез) шамамен 40 минутқа созылады. Плазма тез қалпына келеді, сондықтан оны тұтас қанға қарағанда жиі тапсыруға болады. Тромбоциттерді тапсыру (тромбоцитаферез) ұзағырақ процесс, 1,5 сағатқа дейін созылады. Тромбоциттер қан аурулары мен онкологиясы бар пациенттерді емдеу үшін қажет.

Бұған дейін Kursiv Health Қазақстанда ScanQAN QR-қан сәйкестендіру жүйесін енгізу туралы хабарлаған болатын.