Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры қазан айында теңгемен ашылған депозиттердің мөлшерлемесіне қатысты есебін жариялады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұған дейін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 15,75%-ке дейін төмендетуге шешім қабылдаған болатын. Осыдан кейін 9 банк депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін өзгертті.
Банктердің мөлшерлемелерді қайта қарауы
Толықтыруға болатын мерзімді депозиттер бойынша екі банк сыйақы мөлшерлемелерін көтерсе, біреуі керісінше төмендетті, ал тағы бір банк депозиттің мерзіміне қарай бір сыйақыны көтерсе, екіншісін төмендеткен.
Толықтыруға болатын жинақ салымдар бойынша төрт банк мөлшерлемені төмендетті. Толықтыруға болмайтын жинақ салымдар бойынша екі банк мөлшерлемені төмендетсе, біреуі керісінше көтерген. Ал мерзімсіз салымдар бойынша сыйақы мөлшерлемелері өзгерген жоқ.
Ең жоғары сыйақы қандай?
Қор мәліметіне сәйкес, бүгінде толықтыруға болатын жинақ салымдар бойынша ең жоғары мөлшерлеме – жылдық 19,56% тіркеліп отыр. Ал толықтыруға болмайтын депозиттер бойынша жылдық 19,50% табыс табуға болады. Мерзімді депозиттерде ең жоғары мөлшерлеме – 19%.
«Толықтыру құқығы жоқ жинақ депозиттер сегменті жеке тұлғаларға тиесілі депозиттер нарығында дәстүрлі түрде ең жоғары табыстылық ұсынады. Бұл өз кезегінде толықтыру мүмкіндігінің жоқтығын және мерзімінен бұрын алуға қатысты қатаң шектеулерді өтей алады. Сондықтан мөлшерлемелерді қайта қарау бірінші кезекте дәл осы сегментте орын алды», – дейді қор мамандары.
Жылдың соңына дейін қандай өзгеріс болады
Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша келесі жоспарлы шешімін 4 желтоқсанында жариялайды. Бірақ оның 2026 жылдың аяғына дейін тағы да өзгере қою ықтималдығы төмен.
«Сондықтан жылдың аяғына дейін жеке тұлғаларға тиесілі депозит нарығының шартты түрде тұрақты болатындығын күтуге болады. Ағымдағы сәтте банктер өздеріне тиесілі депозиттер бойынша мөлшерлемелер мен талап-шарттарға түзетулер енгізуден бұрын, қаржы реттеушісі мен бәсекелес банктердің әрекеттері мен шешімдеріне баға бере отырып, әліптің артын бағуы мүмкін», – деді сарапшылар.
Айта кетері, әрбір банк өзінің депозиттік өнімдері бойынша сыйақы мөлшерлемелерін өзінің ішкі депозиттік саясатына сәйкес белгілейтіндігін хабарлайды.
