Алдағы демалыс күндері — 20 және 21 маусымда Қазақстанда ауа райы күрт нашарлайды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
«Қазгидромет» болжамы бойынша, елді жаңбыр, найзағай және қатты жел әкелетін атмосфералық фронттар жауып, сонымен бірге экстремалды ыстық сақталады — кей жерлерде +42 градусқа дейін.
Синоптиктердің болжамынша, аумақтың басым бөлігінде найзағаймен қоса қысқа мерзімді жаңбыр жауады, кей жерлерде бұршақ түсуі мүмкін. Көптеген облыстарда дауылды ескерту жарияланды.
Батыс және оңтүстік-шығыс өңірлерде қатты жауын-шашын күтілсе, батыс және оңтүстік облыстарда екпіні 15–23 м/с жететін қатты жел соғады. Солтүстік және солтүстік-батыста түнде және таңертең кей жерлерде тұман болуы мүмкін.
Тұрақсыз ауа райына қарамастан, температура көтерілуін жалғастырады. Көптеген өңірлерде ауа +30…+38 градусқа дейін жылиды. Солтүстікте, солтүстік-батыста және ел орталығында +40…+41 градусқа дейін жетеді.
Маңғыстау облысында температура +42 градусқа дейін көтеріледі, Қызылорда облысында шамамен +40.
Тіпті жаңбырлы аймақтарда да ыстық толық басылмайды, бұл температураның күрт өзгеруіне және атмосфераға жүктеменің артуына әкеледі.
Ыстық пен желдің салдарынан елде өрт қаупі жоғары, кей жерлерде төтенше деңгейде. Құрғақ найзағайлар мен екпінді жел жағдайды ушықтырып, өрттің тез таралуына ықпал етеді.
Батыс, орталық және шығыс облыстарда +35…+38 градус ыстықтың найзағайлы жаңбыр мен екпінді желмен тіркесуі күтіледі. Ақтөбе, Атырау, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында ең жоғары температура — +40…+42 градус болжанады.
Солтүстік және солтүстік-батыста +35…+38 градус ыстық найзағай, тұман және желдің күшеюімен бірге жүреді. Қарағанды облысы мен Ұлытау облысында кей жерлерде ыстық +40…+41 градусқа дейін күшеюі мүмкін.
Оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде, оның ішінде Жетісу, Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында жаңбыр, найзағай, таулы аудандарда қатты жауын-шашын, бұршақ және дауыл күтіледі. Жел кей жерлерде 23 м/с-қа дейін күшейеді, ыстық +35…+38 градус сақталады.
Бұған дейін синоптиктер Қазақстанның күрт суытатын аймақтарын атаған болатын. Ал шілдеде «Қазгидромет» қазақстандықтарға аяз бен 50 градус ыстықты уәде етті.
