Қазақстанда 2029 жылға қарай дәнді дақылдарды терең өңдеу қуатын жылына 5,8 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров 2029 жылға дейін дәнді дақылдарды өңдеу бойынша алты ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланғанын айтты. Бұл жобалар крахмал, глютен, биоэтанол, амин қышқылдары және басқа да өнімдерді шығаруға бағытталған. Жалпы қуаты жылына 5,8 млн тонна шикізатты қайта өңдеуге мүмкіндік береді.
Алғашқы нәтижелер қазірдің өзінде бар: биыл Түркістан облысында «Қазқрахмал» зауыты, Жамбыл облысында Fufeng Group компаниясының жобасы іске қосылды.
Сонымен бір мезгілде тауар-сүт фермаларының құрылысы және толық циклді алты ет кластерін қалыптастыру жұмыстары жалғасуда. Жаңа өндірістерді құрумен қатар оларды шикізатпен қамтамасыз ету, инфрақұрылымды дамыту және жобалық қуаттарға шығу бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде.
Мал шаруашылығында жалпы қуаты жылына 600 мың тоннадан асатын тауар-сүт фермаларының 99 жобасы қаржыландырылды. Осы жылдың соңына дейін іске қосылған фермаларды жобалық қуатының 70%-на, ал келесі жылы толық қуатына шығару жоспарлануда.
Оған қосымша 130 мың басты бордақылап, 26 мың тонна ет өндіруді көздейтін алты ет кластерін іске қосу жұмыстары жүргізілуде.
