Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасында цифрлық активтер индустриясын ынталандыру және дамыту шаралары туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Құжат елдегі цифрлық активтер нарығын дамытуға бағытталған. Ол саланың дамуын жеделдетуге, инвестиция тартуға және жаңа цифрлық технологияларды енгізу үшін жағдай жасауға тиіс шараларды көздейді.

Бұған дейін президент 2029 жылға дейінгі кең ауқымды цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын толық енгізудің Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясын бекіткен болатын.

Парламент палаталарының бірлескен қорытынды отырысында Тоқаев цифрлық трансформация Қазақстанда жоғары буын басшыларынан бастап мемлекеттік қызметшілер мен ауыл әкімдеріне дейін барлығын қамтуы керек екенін айтты.

Бұдан бұрын «Курсив» Қазақстанда әлемдік деңгейдегі ауқымды жасанды интеллект кластерін құру жоспарланып жатқанын хабарлаған болатын. Президент жанындағы шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысы аясында жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, халықаралық Citi корпорациясы және Freedom Holding Corp арасында үшжақты өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.