Экология және табиғи ресурстар министрлігі 30 қазанда Қазақстан аумағында үш орман өрті тіркелгенін мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ведомствоның хабарламасына сәйкес, өрт ошақтары Солтүстік Қазақстан облысында, Алакөл мемлекеттік табиғи қорығында және «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде анықталған.
«Жер үсті патрульдеу барысында мемлекеттік орман күзетінің қызметкерлері бірнеше өрт ошағын анықтады. Оларды жою үшін қажетті мамандар мен арнайы техника жұмылдырылды», — делінген ведомство хабарламасында.
Министрліктің деректері бойынша, қазіргі уақытта Алакөл мемлекеттік табиғи қорығында өртті сөндіру жұмыстары жалғасуда. Солтүстік Қазақстан облысында және «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде барлық өрт ошақтары толығымен жойылған.
Бұған дейін «Курсив» Қазақстанда ормандарды қалпына келтіруге 300 млн теңге жұмсалатынын жазған болатын.
