Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бірқатары арзандады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, апта ішінде картоптың бағасы 4,2%-ға, ақ қауданды қырыққабат 1,2%-ға, алма 1,1%-ға, пияз бен сәбіз 1%-ға арзандады.

Сондай-ақ қатты және жартылай қатты ірімшік 0,3%-ға, майлылығы 5-9% сүзбе және тұз 0,2%-ға, бірінші сұрыпты бидай ұны мен қаймақ 0,1%-ға төмендеді.

Бірінші сұрыпты ұннан пісірілген бидай наны, рожки, сүйекті сиыр еті, сүйексіз сиыр еті, жылқы еті, майлылығы 2,2%-дан 6%-ға дейінгі пастерленген, ультрапастерленген және стерильденген сүт, жұмыртқа және сары майдың бағасы есепті аптада өзгеріссіз қалды.

Өңірлік бөліністе еліміздің бірқатар қаласында дефляциялық динамика байқалды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жалпы бағасы бір апта ішінде Талдықорғанда 0,7%-ға, Ақтау мен Жезқазғанда әрқайсысы 0,4%-ға, Петропавлда 0,3%-ға, Астанада 0,2%-ға, Қарағанды, Қостанай, Орал, Өскемен және Павлодар қалаларында 0,1%-ға төмендеді.

Алматы, Түркістан, Ақтөбе, Семей және Тараз қалаларында баға алдыңғы апта деңгейінде сақталды, деп жазылған хабарламада.

Республика бойынша картоптың орташа бағасы килограмына 259 теңгені құрады, ал ең төмен баға Павлодарда тіркелді – килограмына 191 теңге. Ақ қауданды қырыққабаттың республика бойынша орташа бағасы килограмына 189 теңге болды. Ең төмен бағалар Түркістанда – 142 теңге, Таразда – 152 теңге деңгейінде тіркелді.

Алманың орташа бағасы килограмына 797 теңгені құрады. Ең төмен баға Шымкентте тіркелді – 639 теңге.

Ет өнімдерінің ішінде республика бойынша сүйекті сиыр етінің орташа бағасы килограмына 3 779 теңгені, тауық етінің бағасы 1 736 теңгені құрады.