Қазақстанда тұрғын үй нарығындағы белсенділік айтарлықтай төмендеді. Жыл басында баспана сатып алу-сату мәмілелерінің саны өткен аймен салыстырғанда 47,8%-ға азайған, деп хабарлайды Qazaqyia ақпарат агенттігі.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қаңтар айында республика бойынша 27 745 тұрғын үй сатылды. Оның 21 725-і – көпқабатты үйлердегі пәтерлер болса, 6 020-сы – жер үй.

Бұл көрсеткіш өткен жылдың желтоқсанымен салыстырғанда екі есеге жуық аз. Мәселен, желтоқсанда 53 128 баспана сатылған еді. Сонымен қатар былтырғы қаңтармен салыстырғанда да сауда 10,3%-ға азайған.

Мәміле саны жағынан ірі мегаполистер көш бастап тұр. Ең көп үй Астана (5 375) мен Алматыда (5 191) сатылған. Үздік үштікті Қарағанды облысы (2 241) түйіндейді.

Ең төменгі көрсеткіш Ұлытау облысында тіркелді – небәрі 283 мәміле. Жалпы, айлық төмендеу еліміздің барлық өңірінде байқалды. Әсіресе Павлодар (-68,1%), Абай (-64,0%) және Солтүстік Қазақстан (-57,3%) облыстарында құлдырау қатты болды.

Фото: Әлеуметтік желіден