Қазақстанда 2026 жылдың қаңтар-мамыр айларында 35,1 мың тонна балмұздақ өндірілді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ең көп өндірген аймақ – Алматы облысы, жалпы өндірістің 66,3%-ы осы өңірге тиесілі. Ірі өндірушілер қатарында Түркістан облысы, Алматы қаласы және Ақмола облысы бар. Өндірілген өнімнің негізгі бөлігін кілегейлі балмұздақ пен пломбир құрайды, бұл жалпы өндіріс көлемінің 80%-дан астамына тең.
Биыл қаңтар–сәуір айларында қазақстандық балмұздақ экспорты 6,4 мың тонна болып, ақшалай көлемі 24,8 млн АҚШ долларына жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда нақты мәнде 46,4%-ға, ал ақшалай мәнде 77,0%-ға артық. Экспорт көлемі импорттан 2,9 мың тоннаға асып түсті. Экспорттың 99,9%-ы ТМД елдеріне бағытталды. Негізгі өткізу нарығы – Ресей, оған 4,3 мың тонна өнім жөнелтілді. Сондай-ақ Қырғызстанға экспорт 68,4%-ға, Өзбекстанға 27,7%-ға өсті.
