Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда бала туу көрсеткіші төмендеген. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Отбасылардағы балалардың орташа саны бірнеше жыл бойы 1,1 деңгейінде сақталған болса, биыл ол 1-ге дейін азайған. Халық тығыз қоныстанған оңтүстік өңірлерде көпбалалы отбасылар жиі кездеседі: Түркістан облысында – 2,1, Қызылорда облысында –1,7, Жамбыл облысында – 1,4, Шымкент қаласында – 1,2. Ірі мегаполистерде, керісінше, көрсеткіш республикалық орташа деңгейден төмен: Алматыда – 0,6, Астанада – 0,8.
Ең төменгі көрсеткіш Шығыс Қазақстан облысында тіркелген – 0,5. Қазақстанның 20 өңірінің 14-інде биыл балалардың орташа саны өткен жылмен салыстырғанда азайған. Отбасылардағы бала санының азаюы әлеуметтік және экономикалық факторларға байланысты.
Соның бірі – әйелдердің аз бала туу туралы шешім қабылдауы. Бұл үрдіс төртінші жыл қатарынан байқалып отыр. Бала туу көрсеткіші соңғы төрт жылда 24,9%-ға төмендеген.
